Саудадағы есепке алу және салық салу ерекшеліктері
Автор: Т. Зеленская, САР бухгалтері, ҚР кәсіби бухгалтеріБасқа да кез келген кәсіпкерлік қызметтегі сияқты сауда саласында сатып алу-сату шартының қатысушылары арасындағы қарым-қатынасты қалыптастырудың шаруашылық байланыстарының өзіне тән спецификалары, сонымен қатар бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізудің өз ерекшеліктері бар. Саудада бизнес-процестерді ұйымдастыруың кейбір аспектілеріне тоқталамыз, сауда қызметіне байланысты нормативтік және заңнамалық актілерді зерттейміз, есепке алу және салық салу мәселелерін қарастырамыз.
Бізге белгілі болғандай ұйымның бухгалтерлік, сондай-ақ салықтық есебі, сонымен қатар қаржылық есептіліктер жасау үшін бастапқы құжат болып компанияның есептік саясаты табылады, ол қолдану үшін қабылданған нақты принциптерден, негіздерден, ережелерден, қағидалардан және тәжірибеден тұрады. Сауда саласында, соның ішінде есептік саясат жасау үшін келесі нормативтік және заңнамалық құжаттар қолданылады:
1. ҚР 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» кодексі.
2. ҚР 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексі (жалпы және ерекше бөлім).
3. ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 296-IV «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» кодексі (Кеден кодексі).
4. ҚР 2007 жылғы 28 ақпандағы № 234-III «Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы» заңы.
5. ШОБ арналған ҰҚЕС немесе ХҚЕС немесе ХҚЕС.
6. ҚР Қаржы министрінің 2007 жылғы 23 мамырдағы №185 «Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарын бекіту туралы» бұйрығы.
7. ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1172 «Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» қаулысы.
8. ҚР Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы №562 «Бастапқы есеп құжаттарының нысандарын бекіту туралы» бұйрығы.
9. ҚР 1998 жылғы 29 маусымдағы № 237-I «Ақша төлемi мен аударымы туралы» заңы.
10. ҚР 2005 жылғы 13 маусымдағы № 57-III «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңы.
11. ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі №154 «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы.
12. ИНКОТЕРМС-2010 сауда терминдерін талқылаудың халықаралық ережелері.
13. ҚР 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы.
14. Жұмыс берушінің актілері, шешімдері, қағидалары, сонымен қатар басқа да көптеген нормативтік актілер.
Сауда, тауарлық-материалдық құндылықтармен алмасу процесі ретінде сыртқы және ішкі болып бөлінеді, ал соңғы уақытта интернет-дүкендер арқылы сауда жасау да кеңінен таралуда.
Сауда негізі болып тауарлық-ақшалай қатынастар табылады. 2012 жылғы 23 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасында қолма-қол ақшамен жасалатын мәмілелер сомасының шектелгендігін есепке алған жөн. ҚР 2012 жылғы 21 маусымдағы № 19-V «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес ҚР «Ақша төлемi мен аударымы туралы» заңының 21-бабының 4-1-тармағына өзгерістер енгізілді, осыған сәйкес заңды тұлғалар арасындағы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем жасалған күні қолданыста болған АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен асатын мәмiле бойынша төлемдер қолма-қол ақшасыз төлеу тәртібімен ғана жүзеге асырылады. Осыған дейін бұл лимит АЕК-тің 4000 еселенген мөлшерінен құраған болатын.
Осы норманы бұзғаны үшін ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 266-бабының негізінде төлем сомасынан 5 % мөлшерде айыппұл қарастырылған.
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 644-бабының 18-тармағымен ақшалай есеп айырысу түсінігі кеңейтілді. Енді ақшалай есеп айырысулар – тауар сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы жүзеге асырылатын есеп айырысулар. Қазақстанда барлық ақшалай есеп айырысулар міндетті түрде бақылау-кассалық машиналарын қолдану арқылы жүргізілетін болғандықтан (Салық кодексінің 645-бабының 1-тармағында бекітілген тұлғалардың кейбір категорияларын қоспағанда), POS-терминалдар арқылы есеп айырысу кезінде БКМ чегін алу талап етіледі.
ҚР «Ақша төлемi мен аударымы туралы» заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жердегiлерді қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бюджетпен есеп айырысудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын ЖК және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметiн жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдердi қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдердi қабылдауға мiндеттi.
Бұл ретте ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жердегiлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режимiн қолданатын және қызметін Астана, Алматы қалаларында, облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асыратын ЖК және (немесе) заңды тұлғалар POS-терминалдарды 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабының 1-тармағына сәйкес
Қазақстан Республикасының аумағында сауда қызметін жүзеге асыру (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) кезiнде төлемдерді қабылдауға мiндеттi жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның төлем карточкаларын пайдалана отырып, оларды қабылдаудан бас тартуы – ескерту жасауға немесе шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ереже бойынша, ішкі саудаға байланысты операцияларды жүзеге асыру кезінде қиындықтар туындамайды. Валюталық келісімшарттармен, бағам айырмашылықтарымен, тауардың меншік құқығының ауысу күнін анықтаумен байланысты ішкі сауда көбінесе бірқатар мәселелер тудырады.
Тауарларды импорттауға байланысты сауда операцияларын есепке алуға барынша толығымен тоқталған жөн.
ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңының 14-бабының 1-тармағына сәйкес резиденттер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес тараптардың келiсiмi бойынша резидент еместермен ұлттық және (немесе) шетелдік валютамен мәмілелер жасасуға құқылы.
Валюта операциялары бойынша ақша төлемi мен аударымын жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі №154 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларының 2-бөлімінің 7-тармағында анықталған, мұнда валюталық операция бойынша ақша төлемi мен (немесе) аударымын уәкiлеттi банк арқылы жүргiзген кезде ақша жөнелтуші немесе алушы болып табылатын резидент (резидент емес) уәкiлеттi банкке белгілі бір құжаттарды, соның ішінде осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, валюталық шартты (түпнұсқасын немесе оның көшірмесін) ұсынатындығы көрсетілген. Егер валюталық шарт келісімшарттың есептік нөмірін алуды талап етсе, валюталық шарттың түпнұсқасы немесе оның көшірмесі келісімшарттың есептік нөмірін алу туралы белгісі жасау арқылы ұсынылады.
ҚР импорттаушы - резиденттерінің «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңының 12-бабында бекітілген репатриациялау талаптарын есепке алғаны жөн, осыған сәйкес резидент емес тұлға міндеттемелерін орындамаған немесе толығымен орындамаған жағдайда осыған дейін тауар импорты үшін резидент емес тұлғаны пайдасына аударылған шетелдік валюта сыртқы сауда келісімшартында бекітілген мерзімде ҚР резидентінің валюталық шотына қайтарылуы тиіс. Репатриациялау мерзімі тараптардың валюталық шарт бойынша міндеттемелерін орындау талаптары негізінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен резидент есептейтін уақыт кезеңі болып табылады. Егер келісімшарт тауар ақшасын төлегенге және (немесе) аударғанда дейін (резидент емес тұлғаның тауарды алдын ала жеткізуі) не болмаса ақшаны төлеген және (немесе) аударған күннен бастап 180 күннен асатын мерзімде тауарды жеткізуді немесе жұмысты орындауды, қызмет көрсетуді көздесе, репатриациялау мерзімі 180 күнге тең етіп қабылданады.
Резиденттердің валюталық операцияларын жүргізетін уәкілетті банктер резиденттен репатриациялау мерзімін нақты анықтауды немесе айқындауды талап етуге құқылы.
Репатриациялау талаптары ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңының 12-бабының 2-тармағында бекітілген жағдайларда ішінара немесе толығымен орындалды деп саналады:
1) біртекті қарсы талапты есепке жатқызу арқылы резидент еместің міндеттемесі тоқтатылған;
2) олардың арасында бұрыннан бар бастапқы міндеттемені сол тұлғалар арасында өзгеше нысананы немесе орындалу тәсілін көздейтін басқа міндеттемемен ауыстыру арқылы резидент еместің міндеттемесі тоқтатылған;
3) резидент еместің міндеттемелерді орындамау тәуекелін сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемі алынған;
4) резиденттің резидент еместен тартылған заем талаптарына сәйкес резиденттің міндеттемелерін қамтамасыз етуге немесе резиденттің шетелде ашылған филиалдары мен өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз етуге арналған шетелдік банктердегі шоттарына ұлттық және шетел валютасы нақты есептелген.
Ұлттық және шетелдік валютаның репатриациясын бақылау мақсатында валюталық бақылауда резидент емес тұлғалардың міндеттерін орындау мерзімдері міндетті түрде қарастырылуы тиіс.
Міндеттемелерді орындау мерзімдерін өзгерткен, репатриацияның бекітілген мерзімдеріне әсер ететін басқа да жағдайлар туындаған жағдайда резиденттер тиісті негіздемелер мен тиісті құжаттарды ұсыну арқылы уәкілетті банктерге және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлауға міндетті.
ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңының 12-бабының орындалуын және валюталық қаражаттарды қайтармау негізділігін бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен мемлекеттік табыс органдарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, соның ішінде өзара ақпарат алмасу жолымен жүзеге асырылады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабына сәйкес уәкiлеттi банктердегi банк шоттарына ұлттық валюта мен шетел валютасын резиденттiң тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) импорты үшін резидент еместiң пайдасына аударған, резидент еместiң тауарларды жеткізу (жұмыстарды жүзеге асыру, қызметтер көрсету) бойынша мiндеттемелердi орындамауына немесе толық орындамауына байланысты қайтарылуға жататын ұлттық валюта мен шетел валютасын есепке жатқызбау түрiнде жасалған, ұлттық валюта мен шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға есепке жатқызылмаған ұлттық валюта мен шетел валютасы сомасының 20 %, 2 000 АЕК аспайтын мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабында көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауаптылық репатриациялау мерзімі өткеннен кейін есепке жатқызылмаған ұлттық валюта мен шетел валютасының сомасы 50 АҚШ долларына баламалы сомадан асып түскен және егер осы әрекеттерде (әрекетсіздікте) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаған жағдайларда басталады.
Импорт бойынша операцияларды іске асыру кезінде көбінесе тауар әкелінген күндегі валюта бағамын анықтауға байланысты мәселелер туындайды. ХҚЕС (IAS) 21 «Валютаның айырбастау бағамы өзгерісінің әсері» 23-тармағына сәйкес әр есептік кезең соңында:
(а) шетелдік валютадағы монетарлық баптар жабу бағамы бойынша айырбасталады;
(b) тарихи құн бойынша шетелдік валютамен бағаланатын монетарлық емес баптар операциялар жасалған күнгі айырбастау бағамы бойынша айырбасталады;
(с) әділ құн бойынша шетелдік валютамен бағаланатын монетарлық емес баптар әділ құнды бағалау күні қолданылған айырбастау бағамы бойынша айырбасталады.
Бұл алдын ала төлемді (авансты) аудару кезінде импорт бойынша сатып алынған тауар түсім кезінде баланста аванстық төлем жасалған күндегі бағам бойынша көрсетілетіндігін білдіреді. Бұл жағдайда бағам айырмасы туындамайды. Егер тауардың алдын ала төлемі жасалмаса, онда түсім кезінде тауар баланста тауарды алып келген күндегі бағам бойынша көрсетіледі. Тауарды кейіннен төлеу кезінде бағам айырмасы туындайды.
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының президенттері 2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында қол қойған Евразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енді.
Шарт Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысына кедергі келтірмеу, экономиканың негізгі салаларында координацияланған, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу мақсатында Евразиялық экономикалық одақ құру туралы уағдаластығын анықтайтын базалық құжат болып табылады. Шарт Кеден одағы мен бірыңғай экономикалық кеңістіктен кейінгі интеграция сатысына ауысуды бекітеді.
Тауарларды экспорттау мен импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Е">
...